Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми делегация Өзбекстан Республикасына жұмыс сапарымен барды.
Сапар аясында Ташкент облысында қос өңірдің іскер азаматтарының қатысуымен «Шекарасыз ынтымақтастық» атты халықаралық бизнес-форум басталды.
Ауқымды экономикалық шара екі аймақ арасындағы сауда-саттықты жандандыруды, инвестициялық байланыстарды тереңдетуді және бизнес өкілдері арасындағы тікелей әріптестікті нығайтуды көздейді.
Форумға Түркістан өңірінен өндіріс, агроөнеркәсіп, құрылыс, туризм және қызмет көрсету секторларында белсенді жұмыс істеп жатқан 50-ге жуық кәсіпкер қатысып жатыр. Жиын барысында тараптар бірлескен өндіріс орындарын ашу, экспорттық әлеуетті арттыру, логистикалық тізбекті дамыту және шекара маңындағы интеграцияны күшейту мәселелерін талқылауда.
Сондай-ақ шара аясында аймақтардың инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, кәсіпкерлер арасында нақты уағдаластықтарға жол ашатын B2B форматындағы екіжақты кездесулер өтеді деп жоспарланған.
