Редакция таңдауы

Спорт министрі Михаил Шайдоровқа қатысты жағдайдың мән-жайын түсіндірді

Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың айналасындағы түсініспеушілікке байланысты Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды mediabridge.kz.

Ведомство басшысы спортшыға еңбекақы төленбей жатыр деген ақпаратты жоққа шығарып, мәселенің құқықтық себебін түсіндірді.

Министрдің сөзінше, қаржының тоқтауына ескі келісімшарт мерзімінің аяқталуы себеп болған.

«Михаил Шайдоров Олимпиада ойындары өткен 2026 жылдың ақпанына дейін бұрынғы келісім бойынша жалақысын толық алып келді. Олимпиада аяқталған соң, ол шарттың да мерзімі бітті. Наурыз айынан бастап жаңа циклге арналған құжат бекітілуі керек еді. Қазіргі уақытта жаңа келісімшартқа қол қойылмағандықтан, заң бойынша төлемдерді жүргізу мүмкін емес», – деді Ербол Мырзабосынов.

Министр жаңа келісімшарттың барлық ұлттық құрама мүшелеріне арналған ортақ типтік үлгіде дайындалғанын, бірақ Шайдоровтың олимпиадалық жетістігі ескеріліп, оған барынша тиімді шарттар ұсынылғанын атап өтті.

  • Қаржыландыру қысқармайды: Спортшының жағдайын нашарлату немесе бюджетті азайту көзделмеген, керісінше оның чемпиондық мәртебесі ескерілген.

  • Келіспеушілік себебі: Мәселе қаржыда емес, спортшының келісімшартта көрсетілген «міндеттемелер» тармағымен келіспеуінде болып отыр.

Сонымен қатар, Ербол Мырзабосынов чемпионға қандай да бір қысым көрсетіліп жатыр деген қауесетті үзілді-кесілді жоққа шығарды. Ол бұл жағдайда ешқандай астар жоқтығын, тек заңдық рәсімдердің реттелуі күтіліп жатқанын жеткізді.

Министрлік Олимпиада алтыны үшін берілетін мемлекеттік сыйақы маусым-шілде айларында толық төленетінін мәлімдеді. Ал спортшыға «Еңбек сіңірген спорт шебері» атағын беру туралы бұйрық әлдеқашан дайын, тек оны ресми табыстау рәсімі ғана қалған. Ведомство басшысы бұл түйткілді өз бақылауына алғанын және мәселе жақын арада заң аясында шешілетінін айтты.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар