Mediabridge

Қасым-Жомарт Тоқаев Куба Вице-президенті Сальвадор Вальдес Месамен кездесті

Ақорданың ресми сайты хабарлағандай, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Куба Республикасының Вице-президенті Сальвадор Вальдес Месамен кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға халықаралық жиынға арнайы қатысқаны үшін алғыс айтып, ресми Гавананың ЕАЭО аясындағы белсенділігін оң бағалайтынын атап өтті. Жүздісу барысында Еуразиялық экономикалық форумда көтерілген жасанды интеллект мәселесі сөз болып, тараптар осы бағыттағы бірлескен серіктестіктің болашағын талқылады. Президент еліміздің негізгі экономикалық секторларды цифрландыру және заманауи технологияларды енгізу тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар Қазақстанның электрондық үкіметті дамытудағы жетістіктерін Куба тарапына таныстыруға және озық цифрлық өнімдерін экспорттауға дайын екенін білдірді.

Өз кезегінде Сальвадор Вальдес Меса Қасым-Жомарт Тоқаевқа өз елінің Президенті Мигель Марио Диас-Канель Бермудестің ыстық сәлемін жеткізіп, екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенін жеткізді. Мұнымен қоса, кездесу барысында медицина мен фармацевтика салаларындағы өзара тиімді байланысты жандандыру әлеуетіне ерекше екпін берілді. Сондай-ақ қос мемлекет өкілдері іскерлік және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мүмкіндіктерін қарастырып, халықаралық деңгейдегі өзекті тақырыптар төңірегінде пікір алмасты.

Exit mobile version