Mediabridge

Балалар күнінде 100 үздік оқушы Ақорданы аралады

Бүгін, Халықаралық балалар күніне орай Мемлекет басшысының резиденциясы ерекше қонақтарды қабылдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің мәліметінше, мерекеге орай барлық облыстардан жиналған 100 оқушыға ғимарат ішіне арнайы саяхат ұйымдастырылған.

Ақорданың есігін айқара ашқан меймандардың қатарында пән олимпиадаларының үздіктері, халықаралық және республикалық спорттық, шығармашылық сайыстардың жеңімпаздары мен оқу озаттары бар. Жас өрендер үшін бұл күн мазмұнды әрі қызықты сәттерге толы болды.

Экскурсия барысында олар жоғары деңгейдегі ресми кездесулер мен мемлекеттік қабылдаулар өтетін салтанатты залдарды тамашалап, Мемлекет басшысының кітапханасымен танысты және резиденция аумағындағы жайқалған жасыл бақты аралап серуендеді.

Саяхат барысында балалар ғимараттың салыну тарихы мен бірегей сәулеттік шешімдері туралы құнды мәліметтер алды. Бұл шара жеткіншектердің отаншылдық сезімін оятып, егемендік пен Тәуелсіздік құндылықтарын тереңірек ұғынуына септігін тигізді.

Мерекелік шара соңында Ақордаға келген әрбір оқушыға Президенттің атынан арнайы естелік сыйлықтар салтанатты түрде табыс етілді.

 

Exit mobile version