Mediabridge

Президент Талғардағы «Атлетико де Мадрид» академиясының жұмысымен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жасаған сапары аясында өңірдегі бірегей спорттық жоба – «Атлетико де Мадрид Қазақстан» халықаралық футбол академиясының жұмысымен танысты.

Мемлекет басшысы алдымен еліміздің әр түкпірінен жиналған дарынды балалар орналасқан 180 орындық заманауи жатақхана ғимаратын аралап көрді. Бүгінде бұл орталықта 116 жасөспірім шеберлігін шыңдап жатыр, ал оларды іріктеу жұмыстарын испандық бапкерлердің өздері жүргізген. Айта кетерлігі, осы үлкен жобаға қатысу үшін республика бойынша 4 мыңнан астам үміткер бағын сынаған болатын.

Қазіргі таңда орталықта жас футболшылардың толыққанды білім алуына, сапалы жаттығуына және жеке даярлығына барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Сапар барысында Президентке академияны одан әрі дамыту мен оның спорттық инфрақұрылымын кеңейту жоспары көрсетілді. Осы орайда алдағы уақытта жасанды көгалы бар екі ашық футбол алаңын, 500 көрерменге шақталған жабық манежді және жаңа әкімшілік-тұрмыстық кешен ғимаратын салу көзделіп отыр.

Бұл спорт нысанының орналасқан жері де ерекше, өйткені мұнда балалардың физикалық тұрғыдан шыңдала түсуі үшін маңызды табиғат факторлары ескерілген. Талғар ауданының таулы аймағындағы таза ауа мен жағымды климат жас спортшылардың ағзасы тез қалпына келіп, сергек жүруіне септігін тигізеді. Мемлекет басшысы сапар аясында FIFA-ның қатаң талаптарына толық сай келетін жабындысы бар футбол алаңын тамашалап, балалардың жаттығу процесін өз көзімен көрді. Жасөспірімдер бұл сәтте допты игеру техникасы мен испандық әдістеме бойынша өзара командалық іс-қимыл дағдыларын пысықтап жатқан болатын.

Осы айтулы іс-шараға Испанияның Қазақстандағы Елшісі Луис Франсиско Мартинес Монтес, «Атлетико Мадрид» футбол клубы директорлар кеңесінің мүшесі Давид Вилья, сондай-ақ аталған клубтың академия істері және халықаралық даму жөніндегі директорының орынбасары Мария Тереса Кириви арнайы қатысты.

Кездесу соңында Президент жас футболшыларға сәттілік тілеп, осы тарихи сәттің естелігі ретінде футбол добына өз қолтаңбасын қалдырды.

Exit mobile version