Mediabridge

Қазақстан мен Кипр президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанға ресми сапармен келген Кипр Республикасының басшысын салтанатты түрде қарсы алу рәсімі ұйымдастырылды. Екі елдің мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никос Христодулидис өзара ресми делегация мүшелерін таныстырып, Құрмет қарауылы ротасы бастығының рапортынан кейін екі мемлекеттің әнұрандары асқақтады. Осыдан кейін тараптар шағын құрамдағы екіжақты келіссөздер үстеліне отырды.

Кездесу барысында Қазақстан Президенті жоғары мәртебелі қонаққа өзінің жылы лебізін білдіріп, Кипр жетекшісінің бұл қадамы екі ел қарым-қатынасының шежіресіндегі тұңғыш тарихи ресми сапар екенін ерекше атап өтті:

– 2019 жылы Сыртқы істер министрі лауазымын атқарып жүргеніңізде елімізге келіп, Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді досы әрі қолдаушысы ретінде әрекет ететініңізді мәлімдеген едіңіз. Бүгінде біз айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік деп сеніммен айтуға болады. Мемлекеттеріміздің астаналарында елшіліктерімізді аштық. Екі ел арасында тікелей әуе рейсі іске қосылды, басқа да бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды. Дегенмен екіжақты ықпалдастықты кеңейту үшін әлеуетіміз жеткілікті деп ойлаймын. Өз тарапымнан көптеген бағытта ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға күш салуға дайынмын.

Өз кезегінде Никос Христодулидис көрсетілген зор құрмет пен қонақжайлылық үшін шынайы ризашылығын жеткізді:

– Сіздің еліңізге Кипрден тікелей қатынайтын алғашқы рейс арқылы іскерлік делегация өкілдерімен бірге ұшып келгеніме өте қуаныштымын. Елдеріміздің әлеуеті мол. Бүгінгі келіссөздер өзара ынтымақтастықты арттыруға септігін тигізеді деп санаймын. Сондай-ақ Қазақстанға басқа лауазымда келіп отырмын. Қазіргі уақытта еліміз Еуропа Одағы Кеңесіне төрағалық етіп жатыр. Аталған өңірдің маңызын және Қазақстанның ерекшеліктерін ескере отырып, Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы ықпалдастықты одан әрі ілгерілету жолдарын талқылауға әзірмін.

Exit mobile version