Редакция таңдауы

Түркістанда Балалар күніне орай мыңнан астам өреннің басын қосқан думанды шара өтті

Түркістан облысында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні жоғары деңгейде атап өтілді. Мерекелік бағдарлама аясында ұйымдастырылған ауқымды жиынға аймақтың түкпір-түкпірінен 1000-нан астам жеткіншек қатысты.

Думанды кеште сөз алған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров балалар мен ата-аналарды айтулы мерекемен құттықтап, жас ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз ету мемлекет пен қоғамның басты міндеті екеніне тоқталды:

– Балалар – біздің болашағымыз, өміріміздің мәні. Әрбір ұлан бейбіт аспан астында, ата-ананың мейірімі мен ұстаздың қамқорлығын сезініп өсуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде балаларды қорғауға бағытталған жүйелі бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Осы бағытта Түркістан облысында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Балалардың сапалы білім алуы, медициналық қызметпен қамтылуы, жазғы сауықтыру лагерлерінде демалуы және әлеуметтік қолдауы тұрақты бақылауда. Біздің облысымыз – таланттар мен дарындардың бесігі. Оқушыларымыз халықаралық олимпиадаларда, ғылыми жобаларда, спорт пен өнер сайыстарында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Биыл халықаралық білім додаларында облыс намысын қорғаған 21 оқушы 14 медаль иеленсе, жалпы оқу жылында Түркістан облысының оқушылары халықаралық және республикалық деңгейде 169 жүлделі орын алды. Бұл – ұстаздардың қажырлы еңбегі, ата-аналардың қолдауы және мемлекет қамқорлығының нәтижесі. Қымбатты балалар, армандаудан қорықпаңдар, білім мен өнердің, спорт пен технологияның шыңдарын бағындыруға батыл қадам жасаңдар. Біз әр бастамаларыңа қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.

Салтанатты шара барысында халықаралық деңгейде және республика көлемінде өткен олимпиадаларда топ жарған 20 дарынды мектеп оқушысына арнайы құрмет көрсетіліп, қаржылай сыйақылар берілді.

Сонымен қатар бұл күні өңірде балалардың қауіпсіздігін нығайтуға, сапалы білім беру мен денсаулығын жақсартуға, сондай-ақ бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға арналған 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асырудың іс-қимыл жоспары таныстырылды. Мұнымен қоса, отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ата-ана жауапкершілігін арттыру арқылы балаға қолайлы орта қалыптастыруды көздейтін «Адал ата-ана — қауіпсіз балалық шақ» бастамасы кеңінен насихатталды.

Мерекелік кеш облыстың шығармашыл жастары мен өнерлі оқушылары дайындаған жарқын концерттік бағдарламамен жалғасты. Шараға келген 1000 бүлдіршіннің әрқайсысына қазақ әдебиетінің таңдаулы кітаптары сыйға тартылды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар