Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досжан Исабектің сөзіне сүйенсек, бұл мәселе қалалық мәслихат жиынында қызу талқыға түскен.
Бұған дейін жобаға жаңа атау беру туралы елорда тұрғындарынан, түрлі қоғамдық ұйымдар мен Қазақстан Жазушылар одағынан көптеген өтініштер мен идеялар келіп түскен екен. Маманның пайымдауынша, LRT қазір жай ғана техникалық немесе инженерлік нысан емес, қаланың басты қоғамдық көлік желісінің біріне айналып келеді. Сондықтан оған заманауи бренд ретінде қарап, халықаралық тәжірибеге сай, құлаққа жағымды, қысқа әрі есте тез сақталатын ерекше атау беру қажеттілігі туындады. Жаңа атау мобильді бағдарламалар мен карталарда, ресми дереккөздер мен навигациялық жүйелерде қолдануға барынша ыңғайлы, сонымен бірге ұлттық нақышымызды да көрсететіндей болуы шарт.
Аталған мәселе 3 маусым күні өткен қалалық ономастика комиссиясының отырысында арнайы қаралды. Жиында мамандар «Қыран», «Құлан», «Аспан», «Тарлан» секілді бірнеше нұсқаны өзара сарапқа салып, нәтижесінде комиссия мүшелері көлік жүйесін «Тарлан Астана» деп атау туралы ұсынысты бір ауыздан мақұлдады. Досжан Исабек бұл таңдаудың мәнін былай деп түсіндірді: «Тарлан» сөзі халқымыздың тарихы мен мәдениетінен сыр шертеді, ол еркіндік пен жылдамдықты, күш-қуат пен сенімділікті бейнелейді. Оның үстіне, «Тарлан Астана» тіркесі айтуға өте жеңіл, заманауи көліктің шапшаңдығын дөп басып көрсетеді және шетелдік қонақтар мен туристердің қабылдауына да өте қолайлы.
