Астанада жаңа әуежайдың құрылысы жоспарланатын аумақ белгілі болды. Елордалық мәслихат депутаттары қаланың Бас жоспарына енгізілген өзгерістерді бекітіп, болашақ нысан үшін ең қолайлы деп танылған жерді нақтылады. Бас жоспарға енгізілген түзетулерге сәйкес, екінші әуежай болашақта қалаға келетін туристер ағынының артуына байланысты қажет болмақ.
Мамандар жаңа нысанның орнын таңдау кезінде оған жету жолдарының ыңғайлылығын (соның ішінде пойыз бен LRT желілерін қосу мүмкіндігін) және ұшақтардың қауіпсіздігіне кедергі келтіретін құстардың шоғырлануын ескерген.
Нәтижесінде, ең тиімді орын ретінде елорданың солтүстік-батыс беткейі — Астана – Көкшетау тас жолының бойындағы Шортанды кентіне қарайтын бағыт таңдалды. Бұл аумақ Астана қаласының шекарасынан шамамен 48 шақырым, ал «Нұрлы жол» теміржол вокзалынан 73 шақырым қашықтықта орналасқан. Болашақта арнайы аэроэкспрестер іске қосылса, вокзалдан әуежайға дейінгі жол жүру уақыты 75–80 минутты құрамақ. Ал жолға шығу дайындығы мен күту уақытын қосқанда, жолаушылар орташа есеппен 2-2,5 сағат жұмсайды деп болжануда.
«Бұл өңірде жаңа әуежай салу туралы түпкілікті шешім аймақтық экономиканы, демографияны және сыртқы факторларды ескере отырып, жан-жақты әрі экономикалық тұрғыдан негізделген есептеулерден кейін ғана қабылданады. Екінші әуежай салу жобасы ұзақ мерзімді перспективаға арналған. Қазіргі қала құрылысы құжаттамасының басты міндеті — болашақта осы мақсатта қолданылатын жер ресурстарын алдын ала резервте сақтап қою», — делінген ресми құжатта.
Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметовтің баяндамасынан кейін, мәслихат төрағасы Табиғат Зейнұлқабден бұл мәселенің бірнеше отырыс бойы егжей-тегжейлі талқыланғанын атап өтті.
«Құрметті әріптестер, біз бұл мәселені бірнеше жиында қарастырдық. Егер Алтынбек Жанұлына қосымша сұрақтарыңыз болмаса, шешім қабылдауымыз керек. Дауыс беруді сұраймын», — деді мәслихат басшысы.
Нәтижесінде депутаттар қаланың Бас жоспарына тиісті түзетулер енгізуді бір ауыздан қолдап, дауыс берді.
