Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық форумда Қазақстанның шетелдік инвестиция тарту бойынша аймақта көш бастап тұрғанын мәлімдеді. Президенттің айтуынша, елдегі бизнес климатты жақсартуға бағытталған жүйелі реформалар өз жемісін беруде.
Инвестициялық тартымдылықты арттыруда АХҚО базасында ағылшын құқығы қағидаттарымен жұмыс істейтін Сот пен Арбитраждық орталықтың, сондай-ақ Үкімет жанындағы Инвестициялық штабтың рөлі зор. Бұл құрылымдар өзекті мәселелерді жедел шешуге септігін тигізіп отыр. Бұған қоса, инвесторлардың құқығын қорғауды күшейту мақсатында Бас прокуратура жанынан арнайы комитет құрылған.
Дегенмен Президент бұл жетістікпен тоқмейілсуге болмайтынын, алда бұдан да ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті:
«Бізге әлі де аянбай еңбек етіп, бұдан да жоғары белестерді бағындыру қажет. Еліміздің бұған әлеуеті толық жетеді. Жаңа Конституцияға мемлекеттің инвестициялық мүмкіндіктерін нығайтуға бағытталған нақты нормалар енгізілді. Атап айтқанда, қаржы саласы мен қарқынды дамитын қалалар үшін арнайы құқықтық режим енгізу туралы шешім қабылданды».
Жақында ғана қол қойылған «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң осы бағыттағы маңызды қадам болмақ. Бұл құжат «ақылды қала» экожүйесін құруға құқықтық негіз қалайды. Арнайы режим мемлекеттік басқару мүмкіндіктерін кеңейтіп, тіпті сот жүйесінің ерекше қызмет етуіне жағдай жасайды.
Мемлекет басшысының сөзінше, негізгі мақсат — Алатау қаласын жаңа технологиялар орталығына айналдырып, болашақтың цифрлық агломерациясын құру. Осы ретте Қазақстан бизнес өкілдерімен ашық әрі өзара тиімді серіктестік орнатуға әрқашан әзір.
