Редакция таңдауы

Баспана алғысы келетіндер назарына: «Отбасы банк» несие ережелерін жаңартты

«Отбасы банк» аралық тұрғын үй несиелерін беру ережелеріне маңызды өзгерістер енгізіп жатыр. Осы жылдың 4 маусымынан бастап күшіне енетін жаңа тәртіп бойынша, бұған дейін қолданылып келген сараланған пайыздық жүйе жойылып, барлық салымшылар үшін бірыңғай 8,5% жылдық мөлшерлеме бекітіледі. Салдарынан жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 9%-дан 9,6%-ға дейінгі аралықты құрамақ. Бұрын бұл көрсеткіш таңдалған бағдарлама мен клиенттің бағалау деңгейіне қарай 6% бен 8,5% аралығында құбылып тұратын. Осы ретте, бұған дейін төменірек, яғни 6-7,5% мөлшерлемемен несие алуға мүмкіндігі болған азаматтардың бұдан былай ай сайынғы ипотекалық төлемі арта түспек.

Бұл жаңа ережелер тұрғын үй нарығындағы бастапқы және қайталама нысандарды сатып алуға, жеке баспана тұрғызуға, жер телімін иеленуге, үйді жөндеу мен жаңарту жұмыстарына, сондай-ақ «Өз үйім», «Әскери баспана» және кейін сатып алу құқығы бар жалға берілетін тұрғын үй бағдарламаларына бірдей қолданылады. Анықтап айтсақ, аралық қарыз дегеніміз – үй бағасының жартысын жинағанымен, негізгі тұрғын үй заемына өту үшін қажетті бағалау көрсеткіші 16 баллға жетпеген салымшыларға берілетін несие түрі. Сондықтан бұл қарызды алудың негізгі талабы ретінде депозитте үй құнының кемінде 50%-ы болуы, бағалау көрсеткіші 5-тен төмен болмауы және бұл қаражат шотта кем дегенде жарты жыл сақталуы шарт.

Десе де, қаржы институты дәстүрлі тұрғын үй заемдары бойынша пайыздық мөлшерлемелердің тұрақты қалатынын мәлімдеді. Олар бұрынғыша жылдық 3,5% бен 5% аралығында (ЖТСМ 3,6%-дан 6,9%-ға дейін) сақталады. Мұндай тиімді несиеге қол жеткізу үшін азаматтардың депозит мерзімі 3 жылдан асуы, үй құнының жартысы жинақталуы және бағалау көрсеткіші 16-дан кем болмауы тиіс. Банк мамандарының есептеуінше, егер клиент 30 миллион теңге көлемінде несие рәсімдесе, 7,5% және жаңа 8,5% мөлшерлемелер арасындағы айырмашылық ай сайын шамамен 12-20 мың теңгені құрайды, бұл өз кезегінде отбасылық бюджетке жылына қосымша 144 мыңнан 240 мың теңгеге дейін шығын әкеледі. Ал 2026 жылдың 4 маусымына дейін несие алуға алдын ала мақұлдау алып үлгерген клиенттер үшін ешқандай қауіп жоқ, олар ипотеканы бұрынғы тиімді шарттармен ресімдей алады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар